«Халық» қоры: #Ауылфутбол жобасы бойынша ауыл тренерлерінің II-тобы Футбол федерациясында білім алады

25-26 қаңтарда Алматы қаласында «D» санатындағы UEFA Grassroots Leaders сертификатын алу үшін ауылдық жаттықтырушыларға арналған екінші оқыту семинары өтеді.
Тренингке Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарынан жиырмадан астам жаттықтырушы келеді. Семинар-тренингті Алматы футбол федерациясының мамандары жүргізеді.
#АуылФутбол жобасының жетекшісі Мәмбетов Серіктің айтуынша, көптеген ауыл бапкерлерінің біліктілігі жеткіліксіз.
«Футбол бір орында тұрмайды. Оқыту процесінде жаңа технологиялар мен әдістер пайда болуда, мұның бәрі ауылдық жаттықтырушылардан тыс қалмау керек. Жаттығу бастамамызды қолдаған Алматы футбол федерациясына, бас демеушіміз «Халық» қайырымдылық жобасына алғысымыз шексіз», — деді С.Мәмбетов.
Айта кетерлігі, ауыл тренерлерінің алғашқы тобы желтоқсан айында Алматыда дайындалған болатын. Үшінші жаттықтырушылар тобы ақпан айында Орал қаласында оқытылады.
Бұл жұмыс #АуылФутбол жобасы мен «Халық» қайырымдылық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Естеріңізге сала кетейік, #АуылФутбол жобасы 2024 жылды Білім жылы деп жариялаған болатын. Ауылдық тренерлерді маркетинг, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және демеушілермен жұмыс істеуге үйрету жоспарлануда.
Меморандум туралы
2023 жылдың қараша айында «АуылФутбол» жобасы мен «Халық» қайырымдылық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум аясында республика көлеміндегі ауылдық елді мекендердің 100 балалар футбол командасы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады, 100 жаттықтырушы UEFA-ның D санаты бойынша біліктілігін көтереді, облыстық турнирлерлер өткізіледі.
Ерекше атап өткен жөн, «Халық» қайырымдылық қоры осы уақытқа дейін Қазақстанда әлеуметтік жобаларды қолдауға шамамен 50 миллиард теңге бөлген.